Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарлық азамат мас күйінде жолдағы көліктерге жүгірген

Павлодар облысында өтіп бара жатқан көліктерге жүгіріп, өзіне және өзгелерге қауіп төндірген азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

– 26 қаңтарда Павлодар қаласының полицейлеріне Кенжекөл ауылының маңында мас адамның өзін игере алмай, өтіп бара жатқан автокөліктерге қарай жүгіріп жүргені туралы хабарлама келіп түсті. Дереу аталған жерге жеткен полиция қызметкерлері ер адамның шынымен де жолға жүгіріп, көлік құралдарының қозғалысына кедергі келтіріп, өзінің де, жол қозғалысына басқа да қатысушылардың да өміріне қауіп төндіріп жүргенін анықтады. Дала қараңғы болғандықтан, мас азаматты жүргізушілердің байқамай қалуы мүмкін еді, – деді Павлодар облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ғалым Сарғұлов.

Полиция қызметкерлері аталған азматты уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына апарып, онда медициналық куәландыру азаматтың орташа деңгейдегі мас күйде екенін көрсетті. Ол өзінің оғаш қылығын түсіндіре де алмады.

Сондай-ақ, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы (Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу) бойынша әкімшілік іс қозғалды.

Айта кетейік, жыл басынан бері өңір полицейлері қоғамдық орындарда мас күйінде жүрген 220 азаматты анықтады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру