Пробация қызметінің 2020 жылы атқарған жұмыстары қорытындыланды
Түркістан облысында пробация қызметінің 2020 жылы атқарған жұмыстары қорытындыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәжіліс залында департамент бастығы Талғат Абдранбаевтың төрағалығымен ИЧ-167/9 мекемесінің және қалалық, аудандық пробация қызметінің 2020 жылдың 12 айында атқарылған жедел-қызметтік іс-шараларын қорытындылау бойынша кеңейтілген жедел кеңес отырысы өткізілді. Жедел кеңесте шешімін таппаған өзекті мәселелер мен орын алған кемшіліктер талқыланып, алдағы уақытта ұқсас кемшіліктерге қайта жол бермеу мен жұмысты жақсарту бағытында бірқатар ұсыныстар қабылданды. Сондай-ақ, атқарылған жұмыстардың нәтижесі де баяндалды.
– Өткен жылы облыс бойынша пробация қызметіндегі 28 сотталған «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы өз меншік бизнесін дамыту бойынша оқып, сертификат алып, әрқайсысы арнайы бағдарлама бойынша мемлекеттен қайтарымсыз 505 мың теңге қаржы алып, бүгінгі таңда өз кәсіпкерлігін дамытып жатыр. Сотталғандар арасынан 169 адамнан тұратын еріктілер тобы құрылып, осы сотталғандармен жергілікті жерлердегі әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға көптеген көмек түрлері көрсетілді. Мұның бәрі пробация қызметі бөлімі қызметкерлерінің дұрыс жолда жұмыс жүргізіп жатқандығын көрсетеді. Сонымен қатар, жыл ішінде пробация қызметінің ықпалымен 1 840 сотталған тұрақты жұмысқа орналасты. Сотталғандарға және олардың отбасы мүшелеріне психологиялық, медициналық, құқықтық, қайырымдылық көмек түрлері мен құжаттарын қайта қалпына келтіру сынды біршама көмектер көрсетілді. Бұл жұмыс ағымдағы жыл ішінде жалғасын таппақ, – дейді ҚАЖ департамент бастығы Талғат Абдранбаев.
Он екі айдың қорытындысы бойынша пробация қызметі арасында рейтинг жасалып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген пробация бөлімдері Департамент бастығы атынан мақтау қағаздарын алды.
Сонымен қатар, жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мен алдын-алу бағытында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, бейнероликтер көрсетілді.