Тараз түрмесіне тыйым салынған зат лақтырған алматылық азамат ұсталды
Тараз түрмесіне тыйым салынған зат лақтырған алматылық азамат ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Таразда ерекше режимдегі ЖД-158/7 мекемесінің ішкі күзет аумағына ұялы байланыс құралын лақтырған алматылық құрықталды. 40 жастағы азамат А.Асқаров көшесі бойындағы түрме қоршауынан белгісіз затты лақтырып, артынша қара түсті «Фольксваген Пассат» автокөлігімен ізін суытуға әрекеттенген.
Алайда, ЖД-158/7 мекемесінің қызметкерлері облыстық полиция департаментіндегі әріптестерімен бірлесіп, бейнебақылау камералары арқылы Тараз қаласынан шығысқа қарай 150 шақырым жерде күдіктіні қолға түсірді. Т.Рысқұлов ауданы Құлан ауылының маңында құрықталған заң бұзушы азамат абақтының қоршауынан 15 дана «Нокиа» маркалы ұялы байланыс құралын және USB сымдарын лақтырғанын толықтай мойындады.
Енді тыйым салынған затты түзеу мекемесіне кіргізбек болуға әрекеттенген азамат ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 481-бабының 1-тармағы бойынша әкімшілік жазаға тартылмақ.