Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда үй жануарларын ұстау ережелерін бұзғандар жауапқа тартылды

Павлодар облысында үй жануарларын ұстау, серуендету ережелерін бұзған тұрғындар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Иттердің иелері үй жануарларының басқа тұрғындарға қауіп төндіруі мүмкін екенін есте сақтауы тиіс. Адамдар, әсіресе балалар, иелерінің бақылауынсыз серуендеп жүрген иттерден зардап шегуі мүмкін. Мұндай жағдайлар аз емес.

Осы орайда полиция қызметкерлері үй жануарларын ұстау ережелерін еске салады. Ережелерге сәйкес, жеке тұрғын үй-жайлардың иелері иттерін олардың қашып кетуін болдырмайтын жеке ауланың шекарасында ұстауы тиіс, ал ауланың кіреберісіне иттердің бар екендігі туралы ескерту тақтайшасы ілінуі керек.

Иттер мен мысықтарды аулаларда, балалар алаңдарында, мектепке дейінгі мекемелердің учаскелерінде, мектеп аулаларында, денсаулық сақтаудың емдеу-профилактикалық және медициналық мекемелерінің аумақтарында, стадиондарда, саябақтарда, скверлерде серуендетуге тыйым салынады.

Егер жануар кіреберістерде, баспалдақ алаңдарында, спорт, балалар алаңдарында, көгалдарда, тротуарларда, саябақтар мен скверлер аумақтарында нәжісін қалдырса, оларды ит пен мысық иелері жинайды. Сонымен қатар, иелері иттерді қоғамдық орындарда серуендетпеуі керек. Бұл ережелер сақталмаған жағдайда үй жануарларының иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

– Қазіргі таңда облыстың 63 тұрғыны иттер мен мысықтарды асырау және серуендету ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Мысалы, Екібастұз қаласының тұрғындарынан көшеде тұмылдырықсыз және тізгінсіз «алабай» тұқымды ит жүретіні туралы хабарлама келіп түсті. Учаскелік полиция инспекторы иттің иесін анықтады, ол 54 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Иттің иесі ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы (Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, Павлодар қаласында полицияға әйел адам жүгінді, ол дүкеннен кішкентай баласымен қайтып келе жатқанда қатты үрген итті көрген, содан бала да, анасы да қатты қорқып қалған. Бұл жағдайда да иттің иесі жауапқа тартылды. Мұндай мысалдар өте көп, – деді Павлодар облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ғалым Сарғұлов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру