Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан қаласында қылмыс азайды

Түркістан қаласында қылмыс азайып, ашылуы артқан, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан қалалық әкімдігінің ғимаратында қалалық Полиция басқармасының бастығы Бауыржан Селтановтың халыққа есеп беру жиыны өткізілді. Кездесу карантин талаптары сақтала отырып, онлайн режимде ұйымдастырылды. Оған БАҚ-ның өкілдері қатысты. Тұрғындар «Zoom» қосымшасымен сұрақтарын қойды. Сұрақтарға ашық әрі нақты жауаптар берілді. Тағы айта кетер жайт, Түркістан қаласының бас полицейі өзінің «Facebook» парақшасы арқылы тікелей эфир қосып, халықпен кері байланыс орнатты.

Іс-шара Б.Селтановтың 2020 жылы облыс орталығында атқарылған қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес бағытында жүргізілген жұмыстар жөніндегі баяндамасымен бастау алды.

Полиция полковнигінің айтуынша, киелі қалада өткен жылы құқық бұзушылықтар деңгейі 27,9 пайызға төмендеп, оның ішінде қылмыстық әрекеттердің деңгейі 27 пайызға кеміген.

Жергілікті полиция қызметінің күнделікті жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстарының нәтижесінде қала көлемінде көпшілік орнында жасалған қылмыстар 29,8 пайызға төмендеген. «Көрші назары», «Тұрғын үйлерді күзет агенттігіне өткізу» тақырыптарында халық арасында кездесулер өткізілген. Орталық автобекеттерде және қоғамдық автокөліктерде меншікке қарсы қылмыстардың яғни, интернет алаяқтық, қалта ұрлықтарының алдын алу мақсатында қоғамдық көмекшілердің қатысуларымен (сақшы-сарбаз) үгіт-насихат, жаднамаларды тарату сияқты тиісті шаралар ұйымдастырылған.

Аптаның бейсенбі, жұма, сенбі күндері учаскелік полиция пункттерінің әкімшілік аймақтарында көше және қоғамдық, жасөспірімдер арасындағы қылмыстарды алдын алу мақсатында және құқық бұзушылықтарды болдырмау, болған қылмыстарды дер кезінде ізін суытпай ашу бағытында «бір-нүктелік» жедел-профилактикалық жұмыстар атқарылған.

Әкімшілік полиция бөлімінің қызметтерінің қарқынды атқарылуы нәтижесінде 2020 жылы барлығы 77 213 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, хаттамалар толтырылған.

Есептік кездесу соңында Бауыржан Селтанов: – Түркістан – қауіпсіз қала болуы үшін, бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі де жалғасын табады. Ол үшін тек полиция қызметкерлері емес, сіздердің де, үлестеріңіз қажет. Себебі, тәртіп отбасынан басталады. Қылмысты төмендетіп, болдырмау мақсатында қарқынды қызмет етуге уәде береміз, – деп атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру