Шымкентте «Таза қала» іс-шараcы барысында 7 892 құқық бұзушылық анықталды
Шымкентте «Таза қала» іс-шараcы барысында 7 892 құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының бұйрығына сәйкес ағымдағы жылдың 13 қаңтары мен 13 ақпан аралығында «Таза қала» профилактикалық іс-шарасы өтуде. Іс-шараның мақсаты қала аумағында абаттандыру қағидалары мен инфрақұрылым объектілерін бұзу, жасыл екпелерді жою және бүлдіру, күл қоқыс тастау жайттарын анықтау, қоғамдық орындар мен көшелерде тәртіпті сақтау болып табылады.
Сондай-ақ, аталған іс-шараның барысында қайыршылар мен қаңғыбастықпен айналысатын адамдарды қабылдап-тарату орнына орналастыру, олар бойынша әкімшілік шаралар қолдану, есепте тұрған тұлғаларды мекенжайы бойынша тексеру, іздеуде жүрген тұлғаларды ұстау, автокөлік жөндеу орындары мен темір қабылдайтын орындарды тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Іс-шараның басынан бастап осы күнге дейін барлығы 7892 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде, ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы (Қоқыс тастау) бойынша – 1694 жайт, 434-2 бап бойынша (Коммуналдық қалдықтарды тастау) – 685 жайт.
Қайыршылық жасап жүрген 506 адам анықталып, оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабымен хаттама толтырылды.
Қабылдап-тарату орынына 48 адам орналастырылды. Жалға берілетін 2 980 пәтер тексерілді. Карантин режимін бұзған 722 нысан анықталды. ІІО-ы есебінде тұрған 5516 тұлға мекенжайы бойынша тексерілді.
Полиция басқармаларына 4611 адам жеткізіліп, қол-саусақ іздері алынды.