Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері ұялы телефон ұрлаған қызды ұстады

Түркістан облысының полицейлері ұялы телефон ұрлаған қызды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісай АПБ-не жергілікті тұрғын арызданады. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, ол өзінің «Samsung А50» маркалы ұялы телефонын Жетісай қаласындағы ломбардтардың бірінде ұмытып кеткен. Содан бес минут өтер-өтпес қайтып іздеп келгенінде, телефонын таппай қалған. Осылайша ұрлықтың құрбаны болған тұрғын, полицейлерден ұрыны ұстап, анықтауға көмек сұрайды. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркелді.

Оқиға орнына жедел шыққан полицейлер тұрғынның телефонын жымқырып кеткенді ұстауға қажетті шараларды іске асырады. Көрген-білгендерден жауап алып, бейнебақылау камераларын тексереді. Соның нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, ол тұрғылықты мекенжайынан ұсталды. Өз кінәсін толық мойындаған қыз жергілікті тұрғын болып шықты.

Тергеу барысында анықталғандай, жәбірленушіден кейін кезек күтіп отырған күдікті, оның ұмытып қалдырып кеткен ұялы телефонын білдіртпей алып, белгісіз бағытқа шығып кеткен. Полицейлер жас қыздан ұялы телефонды тәркілеп алып, заңды иесіне қайтарды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға бағалы заттарыңызға, ұялы телефондарыңызға, әмияндарыңызға барынша сақ болуға кеңес береді. Аталмыш заттарыңызды жабық сөмкеде алып жүріп, ұры-қарының көзіне түсірмеңіз. Сіздің салғыртығыңыздың соңы, ұрлық қылмысының орын алуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан, қауіпсіздік шараларын естен шығармаңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру