Аралда Ауған соғысының ардагеріне құрмет көрсетілді
15 ақпанда Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылуына 32 жыл толуына орай Арал аудандық полиция бөлімінде Ауған соғысының ардагері болып табылатын ішкі істер органдарының зейнеткері Серік Бисембаевпен кездесу өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара барысында Ауған соғысының ардагері С.Бисембаев жеке құраммен естеліктерімен бөлісіп, жас ұрпақты еліміздің бейбітшілігі мен тұрақтылығы жолында аянбай қызмет етуге шақырды.
– 1989 жылдың 15 ақпанында осыдан 32 жыл бұрын Ауған жеріндегі Кеңес әскерлері түгел елге қайтарылды. Содан бері бұл күн тарихи дата ретінде ауған соғысының ардагерлері арасында жылда атап өтіледі. Майдан даласында қаза тапқан жауынгерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды, – деді бөлім бастығы Ә.Өтегенов.
Іс-шара соңында бөлім бастығы Ауған соғысының ардагері С.Бисембаевқа жеке құрам атынан денсаулық, отбасына қуаныш және табыс тіледі.