Алматыда «Келімсек» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде
«Келімсек» іс-шарасының бірінші күнінде Алматы полицейлері іздеуде жүрген 4 күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тиісті қоғамдық тәртіпті сақтау, шетелдік азаматтардың Қазақстан Республикасында болу ережелерін бұзуын анықтау, сондай-ақ, қаладағы қылмыстық ахуалды жақсарту мақсатында Алматыда 15 – 19 ақпан аралығында «Келімсек» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде.
– Сонымен қатар, бұл іс-шара біздің елдегі шетелдіктердің құқықтық мәртебесін реттеуге бағытталған. Жедел-алдын алу шарасының алғашқы күнінің қорытындылары бойынша шаһарда 155 көші-қон заңнамасын бұзушы анықталды және әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 17 шетелдік Қазақстан Республикасынан шығарылды. Қазақстанда болу ережелерін бұзғаны үшін 80 шетелдік жауапкершілікке тартылды. Шетелдіктердің Қазақстан Республикасында болу заңдылығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдамағаны үшін біздің отандастарымыздың ішінен 67 қабылдаушы азаматқа қатысты хаттама толтырылды. Шетелдік жұмыс күшін ҚР тарту ережелерін бұзғаны үшін сегіз жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды, – деді Алматы қалалық ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Асхат Бутунчинов.
Сонымен қатар, оның айтуынша, республикалық іс-шараның бірінші күні әділет органдарынан жасырынған төрт күдікті ұсталды.