Шардаралық полицейлер темір құбырлар ұрлаған күдіктіні ұстады
Түркістан облысының полицейлері темір құбырлар ұрлаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шардара аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданады. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, оның жеке меншік мекемесіне белгісіз біреулер бірнеше рет ұрлыққа түсіп, барлығы 70 дана темір құбырларын жымқырып кеткенін жеткізді. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 300 000-ға жуық теңгені құрады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркеуге алынды.
Тәртіп сақшылары ақпарат алысымен көрсетілген мекенжайға жетті. Оқиға орнында ұрыны ұстауға қажетті іс-шараларды жүзеге асырды. Көрген-білгендерден жауап алып, жақын аумақтарды тексеріп шықты. Осындай нәтижелі істердің арқасында ақпарат көздері алынып, күдіктінің жеке басы анықталды. Полицейлер осы іске қатысы бар күдіктіні ұстап, АПБ-не жеткізді. Ол бұрын сотты болған жергілікті тұрғын болып шықты.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті түнгі уақытта үлкен мекемеге заңсыз кіру арқылы желтоқсан айында екі метрлік 60 дана темір құбырларын ұрласа, ақпан айында 10 данасын қолды қылғанын мойындады. Ұрланған құбырларды өзгелерге сатып үлгерген. Тәртіп сақшылары аталған заттарды тауып, айғақты зат ретінде алып, заңды иесіне қайтарды. Қазіргі таңда істің толық мән-жайы тексерілуде. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің бас шарасы «қолхатта».
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға, тұрғын үйлеріңіз, кәсіпкерлік мекеме, ғимараттарыңызға мүмкіндігінше бейнебақылау камераларын, дабылқаққыштарды орнатуға кеңес береді. Мұндай шаралар ұрылардың жолына тосқауыл болмақ. Сондықтан барынша қауіпсіздікті қолға алыңыздар!