Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

70 техникадан тұратын колоннаны Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері алып жүрді

70 техникадан тұратын колоннаны Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері алып жүрді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасын экстремалды жағдайда өткізуде. Қатты боранның салдарынан күштің бәрі жүргізушілерге көмектесуге жұмылдырылды. 18 ақпан күні сағат 19.00-ден бастап облыста барлық бағыттағы жолдар жабылды. Мамлют ауданында Қорған-Петропавл жолында 70-тен астам жүк көлігі мен жеңіл автомобильдер жиналды. Аудан әкімі Владислав Лукин, аудандық полиция және төтенше жағдай бөлімдерінің басшылығы жағдайды сол жерде бағалап, колонна құруды шешті. Жолды «Қазақавтодор» ЖШС-нің қар тазалайтын машинасы тазалап отырды, колоннаны жарқылдауық маягі қосқан патрульдік машиналар алып жүрді. Барлық автокөлік аман-есен Петропавлға жетті.

– Барлық жол қызметтері жүргізушілерге көмектесуге бағытталды, – деді Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Азамат Жамұқов. – Төтенше жағдайлар департаменті және жол ұйымдарымен бірге қар құрсауынан 94 адам құтқарылды, оның тоғызы бала, 34 техника эвакуацияланды. Сонымен қатар, жолдардағы бұзушылықтарды анықтау бойынша қарқынды жұмыс жалғасты. 18 ақпанға қараған түні Айыртау ауданындағы Саумалкөл аудан орталығының көшелерінің бірінде 23 жастағы аудан тұрғыны басқарған ВАЗ-210740 автокөлігі тоқтатылды, одан алкогольдің қатты иісі шығып тұрды. Медициналық тексерісте алкогольдік масаңдық анықталды. Сот шешімімен ауыл тұрғыны әкімшілік қамауға алынып, жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Облыста өткен іс-шараның екі күні ішінде осындай 17 жағдай тіркелді. 61 жүргізуші жылдамдықты асырып, 19 жүргізуші бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өтіп кетті.

Петропавл қаласының көшелері де патрульдік полицияның ерекше назарында. Полиция қызметкерлері жолдардың қардан тазартылуын және жол ережесінің сақталуын қадағалауда. Сондай-ақ, облыс орталығында құқық бұзушылық жасаған және айыппұл төлеуден жалтарған жүргізушілерді анықтауға бағытталған «Автоураган» жүйесі жұмыс істейді. Тек операцияның екі күні ішінде Солтүстік Қазақстан облысында 1094 түрлі құқық бұзушылықтар анықталды. Полицейлер жол қозғалысына қатысушылардан құбылмалы ауа-райы кезінде ерекше сақ болуға және жол ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру