Алматы облысында заңсыз балық аулаған екеу ұсталды
Алматы облысында заңсыз балық аулаған екі тұрғын ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұйғыр ауданы жергілікті полиция қызметінің өкілдері табиғатты қорғау заңнамасы талаптарының сақталуын қадағалау бойынша жүргізген арнайы шара барысында Іле өзенінде заңсыз балық аулап жүрген екі адамды ұстады. Үрмелі қайыққа мінген браконьерлерден 66 келі балық тәркіленді.
Тексеру барысында балық аулаушылардың заңмен тыйым салынған ауды пайдаланғаны әшкереленген. Олардың қайығынан ақ амур, дөңмаңдай, ақ марқа, табан балықтары табылып, тәркіленді. Қазіргі таңда табиғат қорғаушылар мемлекетке келтірілген материалдық шығынды есептеуде.
– Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабының 3-бөлігімен (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу)
қылмыстық іс қозғалды. Үрмелі қайық, пластикалық ау мен балықтар тәркіленді. Кетпен ауылының екі тұрғыны мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды. Тергеу құпиялығына байланысты өзге ақпарат таратылмайды, – деді Ұйғыр ауданының ПБ табиғатты қорғау полициясы тобының инспекторы Саят Даркенбаев.
Алдын ала тергеу барысында ұсталған адамның бірі – Өзбекстан Республикасының 1989 жылы туған азаматы екені белгілі болды. Сотқа дейінгі тергеу барысында тәртіп сақшылары оның елімізге қашан және не себеппен келгенін, құжаттарының заңға сәйкестігін мұқият тексеретін болады.
– Табиғат қорғау шаралары барысында жыл басынан бері ауданда 23 құқық бұзушылықты анықтадым. Оның 21 дерегі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұлдар салынды. Екі дерек бойынша қылмыстық заңнамаға сәйкес тергеу жүрді. Аудан тұрғындары мен қонақтарын қолданыстағы заң талаптарын қатаң сақтауға, табиғатты аялауға шақырамын, – деп толықтырды Саят Даркенбаев.