Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында аудандық полиция бөлімдерінің бастықтары халыққа есеп беруде

24 ақпанда Ақтоғай ауданы полиция бөлімінің бастығы Қайыргелді Жақыпов Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімовтің қатысуымен аудан тұрғындарына есеп берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қайыргелді Жақыпов ауданда қылмыстық құқық бұзушылықтардың, сондай-ақ қоғамдық орындарда, көшелерде, мас күйінде және бұрын сотталғандар жасаған құқық бұзушылықтардың төмендегенін айтты.

– Есеп беру кезеңінде кәмелетке толмағандар арасында суицид деректері тіркелген жоқ. Сонымен қатар, біз білім беру және денсаулық сақтау органдарына жасөспірімдердің суицидтік мінез-құлқын ертерек анықтау және қажетті шаралар қабылдау бойынша ұсыныстармен шықтық, сондай-ақ полиция инспекторының жұмысын суицид жасауға неғұрлым бейім балаларды анықтауға және психологтармен бірлесіп, профилактикалық жұмыстар жүргізуге бағыттадық, – деді Қайыргелді Жақыпов.

Онлайн кездесу барысында табиғат қорғау заңнамасын бұзу деректеріне ерекше назар аударылды. 2020 жылы өңірде бұл бағытта  2 қылмыстық және 54 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған, құқық бұзушыларға 1,5 млн.теңгеден астам сомаға айыппұл салынған.

Сонымен қатар, ол полицейлердің тарапынан қабылданған шаралардың мал мен ұялы телефон ұрлықтарының санын азайтуға мүмкіндік бергенін атап өтті. Бұл көрсеткіштер өткен жылы қабылданған ұйымдастырушылық шаралар мен инновациялардың нәтижесі болды.

Мысалы, ауданның жеті ауылдық округінде қараусыз малға арналған арнайы қоралар ұйымдастырылған. Жергілікті атқарушы билік өкілдерімен бірге малды таңбалау, сырғалау сияқты жұмыс тұрақты түрде жүргізілуде. 

Жол-көлік оқиғаларына қатысты ахуал да назардан тыс қалған жоқ,  өткен жылы аудан жолдарында жол-көлік оқиғалары салдарынан 7 адам қаза тауып, 17 адам жарақат алған.

– Біз алдағы уақытта да халықпен тікелей диалог қағидатына сүйене отырып, ауданда құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз, – деп атап өтті аудандық полиция бөлімінің бастығы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру