Қызылордалық полицейлер жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу бойынша шаралар қабылдауда
Қызылорда облысының ПД басшылығы жасөспірімдер арасында қылмыстың, оларға қарсы жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында ауқымды шаралар қабылдауда – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысының ПД бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Амитов облыс прокуратурасының өкілі Бек Мусабековтің, Білім басқармасының бас маманы Шолпан Майғазиеваның, сондай-ақ ювеналды полиция бөлімшесінің қызметкерлері мен қалада орналасқан барлық білім беру ұйымдарының директорлары мен олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларының қатысуымен бірлескен кеңес өткізді.
– Құзырлы органдармен бірлесіп, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 9-11 сынып оқушылары, 1 курс студенттерімен және олардың ата-аналарымен кездесу арқылы құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бірлесе жұмыс істеуге шақырамын. Білім беру ұйымдары полиция инспекторларымен тығыз қарым-қатынаста болып, қауіпсіздік деңгейін арттыруымыз керек. Біздің бірлескен күш-жігеріміз болашақта оң нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретініне сенімдімін, – деді Шамшадин Егембердіұлы.
Кездесу барысында мектеп директорлары тарапынан бірнеше ұсыныс түсіп, олар жан-жақты талқыланды. Мәселен, соңғы уақытта мектеп оқушылары мен студенттер ойын-сауық орындарына баруды әдетке айналдырған. Тәртіп сақшылары аталмыш мәселеге мектеп ұстаздары мен психологтарының баса назар аударуларын сұрады.