Қарағанды қаласының ПБ басшылығы донорлық қан тапсырды
Қарағанды қаласының тәртіп сақшылары өткен аптада басталған қан тапсыру акциясын жалғастыруда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлер арасындағы дәстүрлі акцияның мақсаты – донорлық қанды қажет ететін адамдардың өмірін құтқару, тек қоғамдық тәртіпті сақтаумен шектелмей, қажет болған жағдайда өмірдің түрлі қиындықтарына тап болған жандарға кез келген уақытта қол ұшын беру болып табылады.
– Біздің қызметкерлеріміз бірінші рет қан тапсырып жатқан жоқ, біз жыл сайын өткізілетін қан тапсыру бойынша акцияларға бір адамдай атсалысып тұрамыз. Тәртіп сақшылары тұрақты түрде медициналық тексеруден өтіп, дене шынықтырумен жүйелі айналысады, сондықтан да полиция қызметкерлерінің арасынан тұрақты донор боламын деушілер жыл сайын көбейіп келеді. Әрине бұл қуантарлық жағдай. Біздің жұмысымыз күнделікті қауіп-қатермен байланысты, сондықтан біз көмекке мұқтаж адамдарға дер кезінде қол ұшын созудың қаншалықты маңызды екенін білеміз, – дейді Қарағанды қаласының ПБ бастығы Думан Қожахметов.
– Қарағанды қаласының ПБ аумақтық бөліністерінің қызметкерлері бұл акцияға жыл сайын белсенді қатысады. Қазіргі таңда 150-ден астам полиция қызметкері ерікті түрде қан тапсырды, – деп хабарлады Қарағанды қаласының ПБ бастығының орынбасары Ғабит Дильмағамбетов.
Қайырымдылық шарасын қолға алған тәртіп сақшылары мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, қан тапсыру акциясы көптеген адамдардың өмірін құтқарып қалатындығына сенімді.