Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департамент бастығы нәзік жандарды құттықтады
Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департамент бастығы Талғат Абдранбаев нәзік жандарды құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Құрметті ақ жаулықты әжелер, аяулы аналар, сұлу арулар!
Бұл күн ізгіліктің, мейірімділіктің, әдеміліктің нышаны. Сіздер өмірді нұрландырып, шаңыраққа шаттық нұрын себесіздер. Сіздердің қолдауларыңыз әркімнің жүрегінде сенімдік ұялатып, шуақ сыйлайды.
Сіздер бір отбасын емес, бүкіл әлемді аялы алақандарыңызбен тербете алатын, адамзат баласының ары, рухы, жігерісіздер. Тәуелсіз Қазақстанымыздағы бейбіт тірлік пен бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің, ізгілік пен мейірімділіктің ұйытқысы да өздеріңізсіздер.
Әлемде нәрестеге өмір сыйлап, оны алғашқы қадам басуға үйрететін қасиеттеріңізге тең келер нәрсе жоқ. Сіздердің төзімділіктеріңіз бен махаббаттарыңызға алғысымыз шексіз!
– Жер – дүниенің жаңаруын, оның сәні мен мәнін паш етіп келе жатқан тамаша көктемнің мерекесі қарсаңында Сіздерге және отбасыларыңызға мол береке, бақыт, шаттық, мықты денсаулық, болашаққа зор сенім, көтеріңкі көңіл – күй, мәңгі жастық пен сұлулық тілеймін. Жылдан – жылға табиғаттың тамаша мерзімі – көктемдей құлпырып, жасара беріңіздер. Ер азаматтардың сыйластығы мен құрметіне бөленіп, әрдайым әдемі, жылы жүректі аналық абыройлы атақтарыңыз биіктей берсін, – деп тілегін жеткізді Талғат Ерубекұлы.