Шиеліден ұрланған көлік Түркістан облысынан табылды
Қызылорда облысында біреудің көлігін айдап кеткен қаскүнем оны Түркістан облысының тұрғынына арзан бағаға сатып үлгерген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы ПД Шиелі аудандық полиция бөліміне ақпан айының 17-інен 18-іне қараған түні үйінің ауласынан «Ваз-21014» автокөлігінің қолды болғаны туралы ауыл тұрғыны хабарласқан.
Аудандық тәртіп сақшылары жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті анықталып, ұсталды. Тергеу барысында күдікті өзінің жасаған қылмысын толық мойындап, ұрланған автокөлікті Түркістан облысының бір ауылына айдап апарып, танымайтын азаматқа 300 000 теңгеге сатып жібергенін айтты.
4 наурыз күні ұрланған «Ваз-21014» автокөлігі Түркістан облысы Түлкібас ауданы Мыңбай ауылының тұрғынынан айғақ зат ретінде алынып, полиция бөліміне жеткізілді.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 200-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Бұдан басқа ұсталған азаматтың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.