Павлодарда полицейлер алаяқтық жасады деген күдікпен тұрғындарды ұстады
Павлодарда полицейлер алаяқтық жасады деген күдікпен тұрғындарды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел іс-шаралар өткізу кезінде полиция қызметкерлері алаяқтық іс-әрекеттерін жасады деген күдікпен Павлодар қаласының екі тұрғынын ұстады. Күдіктілер 2020 жылғы желтоқсаннан бастап 2021 жылғы наурызға дейінгі уақыт аралығында ұялы телефонды пайдалана отырып, » ВАЗ 2107″, «ВАЗ 2114», «ВАЗ 2170», «ВАЗ 2190» маркалы автомобильдерді 250 мыңнан 400 мың теңгеге дейін төмендетілген бағамен сату туралы хабарландыруларды «Kolesa.kz » сайтына қойғандары анықталды.
– Олар сатып алушылар хабарласқаннан кейін, басқа адамдарға тіркелген «Kaspi» карталарына алдын ала төлем жіберуді сұраған. Кейін ақша қаражатын шешіп алған соң абоненттік нөмірлерді лақтырып отырған. Бұл адамдар 300-ден астам алаяқтық қылмысын жасады деген күдік бар, – деді Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов.
Полиция алаяқтық фактісі бойынша Қазақстан Республикасы ҚК 190-бабының 2-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын атап өтті. Күдіктілер Павлодар қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалған. Павлодар облысының Полиция департаменті белгісіз адамдардың алаяқтық әрекеттерінен зардап шеккен азаматтарды тұрғылықты мекенжайлары бойынша полицияға жүгінулерін сұрайды.