Ер адам Тараз қалалық сотының ғимаратын жарып жібермек болды
Жамбыл облысында өткен жылы құқық қорғау органдарына террористік сипаттағы қауіп-қатермен екі хабарлама келіп түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1971 жылы туған ер адам Тараз қалалық сотының ғимаратын жарып жібермек болған. Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы 1-бөлігі бойынша (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) тіркелді.
Ұсталған азамат 2000 жылдан бастап психиатриялық есепте тұрғаны белгілі болды.
Тараз қаласының №2 соты оны мәжбүрлеп емдеуге жіберді.
1983 жылы туған тағы бір ер адам 102 пультіне қоңырау шалып, Тараздың шағын аудандарының бірінде үйді жарып жібермек болғанын хабарлады. Аталған дерек ҚР ҚК 273-бабы 1-бөлігі бойынша тіркелді. Тараз қаласының №2 соты оны төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Құқық қорғау органдарының техникалық басымдықтары көрінеу жалған жасырын хабарлама берген адамның орналасқан жерін қысқа мерзімде анықтап табуға мүмкіндік беретінін ескерген жөн.
Ғимаратта немесе аймақ аумағында болмаған жарылғыш құрылғы туралы құқық қорғау органдарына хабарлай отырып, жарылғыш заттарды іздеуге және залалсыздандыруға бірден бірнеше құқық қорғау органдарының қызметкерлері жұмылдырылатынын есте сақтаңыз.
Түскен ақпаратты нақты қауіп бар жерде тексеруге үлкен күш пен қаражат жұмсалады.
Сонымен қатар, жарылғыш құрылғыларды іздеу қауіпті аймақта болған халықты әбігерге салатынын да ұмытпаған жөн.
Сондай-ақ, жасөспірімдер мен олардың ата-аналарының назарын Қылмыстық кодекстің осы бабы бойынша жауапкершілік 14 жастан басталатынына аударғымыз келеді.