Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысы Полиция департаментінде адам саудасының алдын алу, болдырмау мақсатында жиын өтті

Түркістан облысы Полиция департаментінде адам саудасының алдын алу, болдырмау мақсатында жиын өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгін Түркістан облысы Полиция департаментінің мәжіліс залында ауқымды іс-шара өткізілді. Жиынға ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Ерлан Омарбеков, ҚР ЕХӘҚМ еңбек көші-қоны және әлеуметтік қорғау комитетінің еңбек инспекторы Нұрбол Байсынов, Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымының ұлттық үйлестірушісі /ҚР БҰҰ көші-қон агенттігі Әлия Белоносова, аталмыш ұйымның жоба менеджері Жұмажан Жолдасбеков, облыс әкімдігінің мемлекеттік-заң бөлімінің бас маманы Ляззат Бекеевалар, сонымен қатар ПД-нің бастығы Қайрат Дәлбеков пен полицейлер қатысты.

Жиналыста мамандар адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы жағдайды талқылай отырып, өз кеңестерімен бөлісті.

Алғашқы сөзді алған  Қайрат Дәлбеков:

– Бүгінде адам саудасы – өзекті мәселе қатарында. Бұл жоба бірінші кезекте ҚР ІІМ-нің және Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның ұйымдастыруымен бастау алды. Жобаның біздің облысымызда іске асуының бірден-бір себебі, Түркістан облысы Республика көлемінде адам көп қоныстанған аймақ. Яғни киелі өңірде екі миллионнан астам адам тұрады. Оның ішінде тұрғындардың басым көпшілігі ауыл шаруашылығымен айналысатын өңір. Сондықтан адам саудасына байланысты жасалған қылмыстардың алдын алуда бұл жоба өз нәтижесін береді деген сенімдеміз, – деп атап өтті.


Одан ары қарай жиынды ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Ерлан Болатұлы жалғастыра отырып, пилоттық жобаның маңызды қадам екендігін жеткізді.

– Осы арқылы қаншама келеңсіз жайттардың алдын алып, қылмыстарды болдырмауға ат салысамыз. Біз үшін адамның өмірі, оның бостандығы маңызды, – деді.

Басқа да келген қонақтар, осы бағытта тек бірлесе отырып қызмет атқарғанда ғана биік жетістіктерге, жоғары нәтижеге жетеміз деп өз ойларын қосты.

Іске асып жатқан пилоттық жобаның жоспары – өңірлерде адам саудасының алдын алуға және еңбекпен қанау құрбандарын анықтауға бағытталған.

Пилоттық жоба бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу және мәжбүрлі еңбекке жегу жайттары туралы хабарламалар түскен кезде тез арада ден қою мақсатында мобильдік топтар облыстың бірнеше аудандарында болып қайтты.

Иә, адам саудасымен айналысу – мүлдем ақтауға келмейтін дүние. Осы тұста адам саудасына қарсы күресте ұйымдастырылған осындай іс-шаралардың берері мол болғандықтан, алдағы уақытта да жалғаспақ.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру