Шахтинск қаласының тұрғыны бірнеше пәтер ұрлығын жасаған
Шахтинск қаласында бірнеше пәтер ұрлығына қатысы бар күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
12 наурыз күні Шахтинск қалалық полиция бөліміне 47 жастағы қала тұрғыны шағымданған. Шағым иесі белгісіз біреудің пәтеріне заңсыз кіріп, ұрлық жасамақшы болғанын айтқан. Ұры пәтерде адам барын біріп, бірден ізін суытқан.
Бұл факт бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын өткізген полиция қызметкерлері осы іске қатысы бар деген күдікпен Қарағанды қаласының 26 жастағы тұрғынын ұстады, күдікті азамат қылмысын мойындады.
Тергеу барысында ұсталған азаматтың бұған дейін де Шахтинск қаласында орналасқан бірнеше пәтерге ұрлыққа түскені анықталды. Ол бөтен адамдардың пәтерлеріне пластикалық терезелерін зақымдау арқылы кіріп отырған. Мәселен, күдікті пластикалық терезені бұзу арқылы өзгенің пәтеріне кіріп, алтын бұйымдары мен ақшаны қолды қылған. Келтірілген шығын көлемі 920 мың теңгені құрайды.
Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты жоғарыда аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24-бабы арқылы 188-бабына (Ұрлыққа оқталу) сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.