Жүрек қалауымен таңдалған мамандық
Павлодар қаласы Полиция басқармасының Оңтүстік полиция бөлімі тергеу бөлімшесінің тергеушісі Әйгерім Айтмолдина ішкі істер органдарында 5 жылдан астам уақыт бойы абыроймен қызмет атқарып келеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ол бала кезінен ішкі істер органдарында қызмет етуді армандаған және өз арманына сенімді қадам басып, Семей қаласындағы Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетіне «Құқық қорғау қызметі» мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны аяқтағаннан кейін бірден полицияға қызметке келген.
Бүгінде Әйгерім Берікболқызы жеке тұлға мен меншікке қарсы күрделі қылмыстық істерді тергеумен айналысады. Оның жұмысы қылмыстық іс бойынша дәлелдемелерді жинау және оқиға орнын тексеру, көптеген адамдардан жауап алу, тергеу эксперименттерін өткізу, бетпе-бет жүздестіру сияқты тергеу әрекеттерінен тұрады.
Ол қылмыстық процеске қатысушы әрбір тұлғаның мәртебесіне қарамай, тілін табуға тырысады.
– Маған адамдармен жұмыс істеу, оларға көмектесу, өз Отанымның игілігі үшін қызмет ету ұнайды. Тергеуші болып жұмыс істей отырып, нәтижеге қол жеткізу үшін өз дағдыларыңызды үнемі жетілдіру, қылмыстық істерді тергеуде жаңа жолдар мен шешімдерді іздеу керек екенін түсінесің. Өйткені, қылмыстар бір схема бойынша жасалмайды, – дейді полицей қыз.
Шынында да тергеуші мамандығы өте күрделі мамандық және әрбір қылмыстық іс адам тағдырымен байланысты. Әр істі бүге-шігесіне дейін тергеу үшін нағыз тергеуші өз бойына ең жақсы қасиеттерді, атап айтқанда табандылықты, ізденімпаздықты, ынтаны біріктіруі керек. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз осындай қасиеттерді тал бойына сыйдыра білген полицей.