Қызылордада автоматты түрде анықтайтын құрылғылар арқылы 5 мыңнан аса құқық бұзушы анықталды
Қызылордада автоматты түрде анықтайтын құрылғылар арқылы 5 801 құқық бұзушы анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қаласында автокөліктер ағымы басым көп жүретін көше бойларына он үш дана (комплекс) «АРКАН», бес дана «Интегра КДД», бір дана «Мираж» стационарлы жылдамдық өлшегіш құрылғылары орнатылып іске қосылған.
Жалпы атқаратын жұмысы – жылдамдық асыру дерегін автоматты түрде анықтайды.
Сонымен қатар, қала орталығында орнатылған әкімшілік құқық бұзушылықты автоматты түрде анықтайтын құрылғылармен 2021 жылдың үш айында барлығы 61 млн 875 мың теңгеге 5801 құқық бұзушылық анықталған.
ҚР ӘҚБтК-нің 31-бабының 1-бөлігінің талаптарына сәйкес, әкiмшiлiк құқық бұзушылық автоматты режимде жұмыс істейтін сертификатталған арнайы техникалық бақылау-өлшеу құралдарымен және аспаптарымен тiркелген кезде жол жүрiсi саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар үшiн әкiмшiлiк жауаптылыққа көлiк құралдарының меншiк иелерi тартылады.
Егер көлiк құралының меншiк иесiнiң хабарламасы немесе арызы бойынша тексеру барысында құқық бұзушылық тiркелген кезде көлiк құралы иелiгiнде болған адам анықталса не басқа тұлғалардың құқыққа қарсы әрекеттерiнiң нәтижесінде көлiк құралына ие бола алмай қалса, осы көлiк құралының қатысуымен жасалған құқық бұзушылық үшiн ол әкiмшiлiк жауаптылықтан босатылады.
Осы Кодекстiң баптарында көлiк құралын меншiк құқығымен иеленетiн жеке тұлғалар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға тиесiлi көлiк құралдары уақытша иелену мен пайдалануға берiлген жеке тұлғалар көлiк құралдарының иелерi деп танылады.
Осы Кодекстiң баптарында сертификатталған арнаулы бақылау-өлшеу техникалық құралдары мен аспаптары деп құқық бұзушылықтарды байқау мен тiркеудiң метрологиялық салыстырып тексеруден өткен техникалық құралдары мен аспаптарын, құқық бұзушылықтың жасалу фактiсi мен уақытын, көлiк құралының түрiн, маркасын, мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiсiн, сондай-ақ жүрiсiнiң жылдамдығы мен бағытын тiркейтiн фото, бейне аппаратураны түсiну қажет.
ҚР ӘҚБтК-нің 807-бабының 2-бөлігінің талаптарына сәйкес, егер әкімшілік құқық бұзушылық автоматты режимде жұмыс істейтін сертификатталған арнайы техникалық бақылау-өлшеу құралдарымен және аспаптарымен тіркелсе, айыппұлды төлеу қажеттігі туралы нұсқама түрінде ресімделеді, яғни ұйғарым болып шығарылады.
Кодекстің 811-бабының 1-бөлігінің талаптары бойынша, тұлға автоматты жүйеде жұмыс атқаратын арнайы бақылау өлшегіш техникалық құралымен анықталған құқық бұзушылық деректерінің айыппұлын елу пайыздық жеңілдікпен, хабарлама алған күннен бастап жеті тәулік ішінде төлеуге құқылы.
Қосымша ақпараттарды Қызылорда қаласы Н.Назарбаев даңғылы №22 мекен-жайында орналасқан Жергілікті полиция қызметі басқармасының ғимаратындағы әкімшілік практика бөлімінен біле алатындарыңызды хабарлаймыз.