Қызылордада заңсыз қару алып жүрген тұрғын ұсталды
Қызылордада заңсыз қару алып жүрген тұрғын ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
19 сәуір күні таңғы уақытта Қызылорда қаласы Полиция басқармасының кезекші бөліміне ішімдік ішіп алған азаматтың қала көшелерінің бірінде жүргендігі туралы хабарлама түсті.
Түскен хабарлама бойынша дереу жеткен патрульдік полиция батальонының қызметкерлері оқиға орнында шолақ мылтығы бар мас күйіндегі азаматты ұстады. Қару тәркіленіп, сараптамаға жіберілді.
Сараптама қорытындысына сәйкес, алынған қару 16-калибрлі тегіс қос ұңғылы, аңшы мылтығы екендігі анықталды. Бұл азамат зауыттық тәсілмен дайындалған аңшы мылтығын кесіп, қолдан шолақ мылтық жасаған.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабының 3-бөлігімен (Атыс қаруын (тегiс ұңғылы аңшылық қаруынан басқа), оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Полицейлер ұсталған тұрғынның атыс қаруын қайдан алғандығын тексеруде.