Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Пробациялық бақылаудың шарттарын бұзған ақтөбелік қамалды

Ақтөбеде пробациялық бақылаудың шарттарын бірнеше мәрте қасақана бұзған сотталған қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ішімдік ішкен күйінде бөтеннің қорасына түсіп, малын ұрлаған Ақтөбе облысының Хромтау ауданының 36 жастағы тұрғыны Сот үкімімен бес жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталған. Алайда, ҚК-нің 63-бабына сәйкес, кейін жаза түрі шартты деп саналып, бес жылға пробациялық бақылау белгіленген азамат, 2020 жылдың мамыр айында Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Хромтау аудандық пробация қызметінің есепке алынады.

Пробация қызметіне есепке алу барысында Хромтау аудандық пробация қызметкерлері сотталған азаматқа жазаны орындау тәртібі, сот жүктеген міндеттер мен пробациялық бақылаудың шарттарын егжей-тегжейлі түсіндіріп, жаза тәртібін бұзған жағдайда, оған қатысты пробациялық бақылаудың мерзімі ұзартылатындығы немесе шартты соттаудың күші жойылып, сот үкімі орындалатындығын ескертеді.

Сонымен қатар, Хромтау аудандық пробация қызметі сотталған Е.-ге есепке алынған күннен бастап 10 айдан астам уақыт ішінде бірнеше рет әлеуметтік-құқықтық көмектер көрсетеді: тұрғылықты жері бойынша ауыл әкімдігіне екі мәрте ақылы-қоғамдық жұмысқа орналастырады және аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 140 мың теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек беріледі. Бұдан бөлек, Пробация қызметі сотталған азаматтың мұқтаж отбасы ретінде ауыл әкімдігі тарапынан басқа да көмек түрлерін алуына ықпал жасайды. Сол секілді тұрғылықты мекен-жайын тексеру барысында сотталғанмен ылғи профилактикалық әңгімелесулер жүргізіледі.

Алайда, сотталған Е. пробация қызметкерлерімен өзіне көрсетілген қолдауды ескерместен, бұрынғыша ішімдікке салынып, себепсіз тіркелуге келмей қояды. Соңғы әрекеті, яғни тіркелуге келмегені үшін, Хромтау аудандық пробация қызметі сотталған Е.-нің пробациялық бақылау мерзімін ұзартуға қатысты сотқа ұсыныс жолдап, аудандық соттың қаулысымен сотталғанның жаза мерзімі бір айға ұзартылады.

Арада көп уақыт өтпей, сотталған Е. ішімдік ішкен мас күйінде өзінің туысы болып келетін Г.есімді азаматшаны балағаттап, отбасының тыныштығын бұзғаны үшін Сот қаулысымен үш күн әкімшілік қамаққа алынады. Кейін Пробация қызметімен сотталған Е.-нің пробация қызметіне хабарламай, тұрғылықты жерін уақытша ауыстырғаны анықталады.

Сотталған Е.-нің жоғарыда келтірілген іс- әрекеттері жаза өтеу тәртібін қаскөйлікпен бұзушылық болып табылып, Хромтау аудандық Пробация қызметі аудандық сотқа шартты соттаудың күшін жойып, тиісінше сот үкімімен тағайындалған жазаны орындау туралы ұсыныс жолдайды. Аудандық соттың қаулысымен Пробация қызметінің ұсынысы қанағаттандырылып, сотталған Е.-нің бес жыл жаза өтеу мерзімін бас бостандығынан айыруға үкім шығарады. Осылайша, Сот рақымшылығы мен Пробация қызметінің қолдауын және бостандықтың қадірін ұғынбаған азамат, енді жазасын түзеу мекемесінде өтейтін болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру