Синтетикалық есірткі сақтағаны үшін 26 жастағы тараздық азаматша ұсталды
Синтетикалық есірткі сақтағаны үшін 26 жастағы тараздық азаматша ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл туралы Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов «Facebook» парақшасында xабарлады.
Жамбыл облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Тараз қаласында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 26 жастағы азаматшаны ұстады. Полицейлер оның сөмкесінен ерекше иісі бар жасыл түсті ұнтақ зат салынған түйіншек тауып, тәркіледі. Сараптама қорытындысына сәйкес, анықталған зат – жалпы салмағы төрт грамм «Alfa-PVP» синтетикалық есірткісі болып шықты.
«Alfa-PVP» синтетикалық есірткі заты жүйке жүйесіне өте қауіпті психобелсенді әсерін тигізеді, ағзаны бүлдіріп, тез тәуелділікке алып келеді.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігімен (Аса ірі мөлшерде есірткі заттарын заңсыз сақтау) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бұл бапқа сәйкес үш жылдан жеті жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.