Ақтөбеде пробация қызметі баспанасыз қалған сотталғанға қолдау көрсетті
Ақтөбеде пробация қызметі баспанасыз қалған сотталғанға қолдау көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметінің қолдауына ие болған сотталған азамат жуырда түзеу мекемесінен босатылған болатын. Қамауда отырған кезінде сотталғанның баспанасы электр тоқтарының тұйықталуынан өртеніп кеткен.
Аталған жағдайды ескерген Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметінің басшылығы есепке алынған: өмірдің қиын жағдайына тап болған сотталған А.-ның қалалық жұмыспен қамту бөлімі арқылы 100 мың теңге біржолғы әлеуметтік жәрдемақыға қол жеткізуіне ықпал жасайды.
– Сотталған А. түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан уақытта, электр тоқтарының жарамсыздығы мен аппаттық жағдайға жетуінен үйі өртеніп кеткендіктен, баспанасыз қалған болатын. Осы орайда, сотталғанның қоғамға әлеуметтік бейімделуіне көмек көрсету мақсатында, біржолғы әлеуметтік жәрдемақыға қол жеткізуге арналған тиісті құжаттар Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жолданды. Кейін, аталған мекеменің комиссия құрамы сотталған А.-ның қиын жағдайын ескере келе, оны біржолғы әлеуметтік жәрдемақыға лайықты деп танып, 100 мың теңгелік жәрдемақы сотталғаның жеке шотына аударылды, – дейді Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметінің инспекторы Акерке Ғалымжан.