Павлодар облысында жыл басынан бері 846 адам әкімшілік қамауға алынды
Павлодар облысында жыл басынан бері 846 адам әкімшілік қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әкімшілік бұзушылықтар жасағаны үшін «ескерту жасау» немесе «айыппұл салу» жазалау шараларынан басқа, құқық бұзушыларға «әкімшілік қамауға алу» жазасы да қолдануы мүмкін.
Жазаны өтеу үшін құқық бұзушылар Павлодар қаласының Әкімшілік қамауға алынғандарға арналған арнайы қабылдау орнына жіберіледі.
– Жыл басынан бері облыстың 846 тұрғыны әкімшілік қамауға алынды, оның ішінде сегіз әйел. Бұл жердің ең жиі «қонақтары» – отбасылық жанжал шығаратын азаматтар – 210 адам, мас күйінде көлік жүргізгендер де аз емес – 208 адам. Бұл бұзушылар әдетте 10-15 күн мерзімге қамауға алынады. Сонымен қатар, 66 азамат қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішкені үшін, ал 60 құқық бұзушы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін қамауға алынды, – деді Павлодар қаласының Әкімшілік қамауға алынғандарға арналған арнайы қабылдау орнының бастығы Мейрам Нығметов.
Айта кету керек, мереке және демалыс күндері әкімшілік қамауға алынғандардың саны артады.