Бала арманын мақсатқа айналдыра білген полицей
Бала арманын мақсатқа айналдыра білген полицей, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы және “Полиция – қадамдық қолжетімділікте” қағидаты бойынша негізгі рөл учаскелік полиция инспекторларына берілетінін атап көрсетті.
Осындай жауапты қызметті атқарып жүрген полицейлердің бірі – Шелек полиция бөлімі Жергілікті полиция қызметі Бартоғай ауылдық округінің учаскелік инспекторы Оканов Айбек Серікұлы.
Қоғамның тыныштығын қамтамасыз етіп, тәртіпті қадағалайтын учаскелік инспекторлардың жүктемесі көп, міндеті ауыр. Ал осы міндетті абыроймен атқарып жүрген тәртіп сақшыларының бірі – Айбек Серікұлы 1992 жылы Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Шелек ауылында дүниеге келген. Мектепті бітіре салысымен, бала арманын мақсатына айналдыру жолында Ақтөбе қаласындағы Қазақстан Республикасы ІІМ Ақтөбе заң институтының құқық қорғау қызметі мамандығына оқуға түсіп, тәмамдаған. Ол 2014 жылдан бері учаскелік полиция инспекторы лауазымында қызмет етіп келеді.
Кейіпкеріміздің әкесі полиция майоры Аупенов Серік Оканович та, Шелек полиция бөлімінде қызмет еткен. Қазір таңда еңбек зейнеткері.
– Менің бала арманым – әкем сияқты полиция қызметкері болу. Полиция қызметкерінің міндеті – заң бұзушылармен күресу және қоғамда тәртіптің болуын қадағалау, халқымыздың тыныштығын сақтап, жақсы өмір сүруіне қызмет ету. Мен сол заң бұзушылармен күресіп, адамдардың жақсы өмір сүруіне көмектескім келді. Әкемнің ізін жалғап, бүгінгі күні сол арманымды іске асыру жолында еңбек етудемін, – дейді Айбек Оканов.