Қызылордада өрттен құтқарған полицейлерге тұрғындар ризашылығын білдірді
Қызылордада өрттен құтқарған полицейлерге тұрғындар ризашылығын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қалалық ПБ-ның кезекші бөліміне 11 мамырдан 12 мамырға қараған түні қала орталығында орналасқан көпқабатты Әйтеке би №24 үйдің екінші қабатындағы 11 пәтерде өрт шықты деген хабарлама келіп түскен. Полицейлер оқиға орнына дереу жетіп, үйден тұрғындарды құтқарып, кәсіби шеберліктерін көрсетті.
Төтенше жағдай қызметіне дереу хабар берген Қызылорда қалалық ПБ Жергілікті полиция қызметі бөлімінің патрульдік полиция батальонының жаяу бағыттағы қызметкерлері полиция аға лейтенанты Жандос Жүсіпов, қатардағы полицей Қуаныш Таждаулет, учаскелік полиция қызметкері аға лейтенанты Ержан Әбенов тұрғындарды құтқаруға шұғыл кіріседі.
Қою түтін арасынан жол тапқан сақшы Жандос Жүсіпов лаулаған от көрші пәтерлерге таралып кетпес үшін тез сөндіруге кіріседі. Ал екі қызметкер алдымен балаларды, кейін ересектерді сыртқа шығарады. Өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері келгенге дейін полицейлер тұрғындарды эвакуациялап, адамдарды құтқару жұмыстарын ұйымдастырған.
Өз кезегінде үй тұрғындары полицейлердің шұғыл әрекетіне риза болып, басқарма бастығының атына осы аталған үш қызметкерге алғыстарын білдірген.