Павлодарлық өз үйінің жертөлесінен тапқан мылтықты полицияға тапсырды
Павлодарлық өз үйінің жертөлесінен тапқан мылтықты полицияға тапсырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Павлодар облысы Успен ауданының аумағында халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды сатып алу бойынша акция жалғасуда. Бүгінгі күні біз азаматтардан жеті бірлік тегіс ұңғылы қару мен патрондарға сегіз өтініш қабылдадық. Төлемдердің шамамен алынған сомасы 398 000 теңгені құрайды – деді Павлодар облысы Успен ауданының полиция бөлімінің бастығы Берік Оралов.
Мәселен, полиция бөліміне өз еркімен өтемді негізде 12 калибрлі «ИЖ-18» маркалы тегіс ұңғылы аңшылық мылтығын тапсырған ауыл тұрғыны жүгінді. Ер адам үйінің жертөлесінен қару тапқанын, оны бұрынғы меншік иесі қалдырғанын айтты.
Полиция сонымен қатар қаруды өз еркімен тапсырған барлық адамдар қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын атап өтті. Бұдан басқа, қару-жарақ заттарын өз еркімен тапсырғаны үшін қарудың техникалық жай-күйін ескере отырып, әрбір бірлігі үшін 10-нан 100 айлық есептік көрсеткіш сомасында төлем көзделеді.