ІІМ басшысы Қостанай облысы сақшыларының жұмысын және полицияның техникалық жарақтану деңгейін тексерді
ІІМ басшысы Қостанай облысы сақшыларының жұмысын және полицияның техникалық жарақтану деңгейін тексерді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қостанай облысына келіп, полиция қызметін жетілдірудің негізгі қағидаттарын жүзеге асыру бойынша еліміздің Президенті берген тапсырмаларын орындау барысымен танысты. Біріншіден бұл халықпен жұмыс жасауда сервистік модельді, «Полиция қадамдық қолжетімділікте» принципін және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын енгізу.
Министр жеке құраммен кездесу барысында Полиция департаментінің биылғы жұмысындағы басым бағыттарын айқындады.
Ерлан Тұрғымбаев өңірдегі қылмыстың ахуалы тұрақты қалыпта екенін және құқық бұзушылықтың алдын алуда сақшылардың жұмысы өте маңызды екенін атап өтті.
– Жергілікті полиция қызметін жетілдірудегі біздің басты міндетіміз азаматтардың қауіпсіздігі. Сондықтан, ұлттық сервистік моделінің негізгі тұлғасы – учаскелік полиция инспекторының тиімді қызмет атқаруы үшін біз барлық жағдайларды жасауды жалғастыратын боламыз, – дейді ІІМ басшысы.
Министр қала орталығындағы жиырма төрт мыңнан астам халыққа қызмет көрсететін «Набережный» тірек бекетіне ат басын бұрды. Ерлан Тұрғымбаев құқық бұзушылықтың алдын алуда жергілікті шерифтердің жұмысы өте маңызды екенін атап өтті.
Қаланың орталық аумағына алты учаскелік полиция инспекторы қызмет көрсетеді. Аталмыш аумақта 24 мыңнан астам адам тұрады. Халықпен тығыз байланыс құруда шешуші шарттардың бірі – қызметтегі тұрақтылық, учаскелік полиция инспекторы 11 жылдан астам уақыт бір орында тапжылмастан жұмыс істеп келе жатыр. Учаскелік полиция аға инспекторы Ерік Ваисов құқық тәртібін қамтамасыз етуде өзіне полицияның екі ерікті көмекшісі және үш волонтер көмек көрсететінін баяндады.
Сондай-ақ, Ерлан Тұрғымбаев полиция бөлімдерінің техникалық тұрғыда нығайтылу жағдайын және Жедел басқару орталығының жұмысын тексерді. Ол 211 бейнебақылау камерасын, соның ішінде «Қауіпсіз аула» жобасы аясында тұрғын үй аулаларында орнатылған 60 бейнекамераны қамтиды.
Камералардың көмегімен жыл басынан 60 қылмыс ашылды және 10 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Бейне камералар санын ұлғайту нәтижесінде облыс орталығында көше қылмыстарын 40 пайызға дерлік төмендетуге қол жеткізілді.
Сонымен қатар, ІІМ басшысы Қостанай облысында бес жыл қатарынан полицияның жаңа үлгідегі тұрақты бес бекеті ашылатынын хабарлады. Қаланың жаңа шағын аудандарында тек биылдың өзінде жаңадан үш учаскелік полиция тірегі ашылады. Соның бірі, жаңа техникамен жабдықталған Юбилейный шағын ауданында өз қызметіне кірісті.
Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлардың штаттық санын ұлғайтуға басты назар аударған болатын. Бүгіндері Қостанай облысының әрбір полиция бөлімінде осы бағытта жұмыс істейтін 19 инспектор тағайындалды.
Министр жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жергілікті полиция қызметін жетілдіру, сонымен қатар учаскелік полиция инспекторлары дәрежесін арттыру басым бағыттар деп белгіледі.