Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында кәмелетке толмағандардың жоғалуының 78 фактісі тіркелді

Павлодар облысында кәмелетке толмағандардың жоғалуының 78 фактісі тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ағымдағы жылдың басынан бастап Павлодар облысының полициясына кәмелетке толмаған балаларды іздеу бойынша 78 өтініш келіп түсті.

– 10 жасқа дейінгі балалардың жоғалуы бойынша 32 факті, 11-ден 15 жасқа дейін – 34 факті, 16-дан 18 жасқа дейін – 12 факті тіркелді. Барлық кәмелетке толмаған балалардың жоғалғандары туралы хабарланғаннан кейін бір сағат немесе бірінші күнде іздестірілді. Павлодар қаласында бала жоғалудың 72 факті орын алған. Полиция қызметкерлері үшін балалар мен жасөспірімдердің жоғалу фактілері төтенше жағдай ретінде қаралады, әрбір факті бойынша іздеу дереу түрде жүзеге асырылады. Сондай-ақ волонтерлік ұйымдардың балаларын іздеуге белсенді қатысуды да атап өту қажет, – деді брифингте Павлодар облысы ПД бастығының орынбасары Рашад Өтеуов.

Талдау көрсеткендей, 10 жасқа дейінгі балалардың жүрген жері, әдетте, бір сағат ішінде анықталады. Егер төрт жастағы бала жеке үйдің қақпасынан шығып кетсе немесе бұрышқа бұрылса, ол үйге жол таба алмауы мүмкін.

Мысалы, 12 мамырда кешкі сағат 21:00-де алты жастағы бала үйден велосипедпен кеткен. Өткізілген іс-шаралар нәтижесінде полицейлер баланы сағат 23:00-де Павлодар қаласының Орталық жағалауында анықтаған.

Көбінесе жасөспірім үшін үйден кетудің себебі жанжал болып табылады. Оның негізінде ата-аналармен өзара түсіністіктің болмауы, үйдегі қолайсыз жағдай, ата-аналардың алкогольдік ішімдікті пайдалануы да себеп болуы мүмкін.

11 жастағы жасөспірім Павлодар қаласындағы үйінен кетіп, өз іс-әрекеттерімен қазіргі уақытта ажырасқан және бөлек тұратын ата-анасының назарын өзіне аудару үшін кеткен. Үйден бірнеше рет кететін кәмелетке толмағандар полицияның есебіне қойылады, олармен бірге оқу орны бойынша педагогтармен және психологтармен бірлесіп профилактикалық жұмыс жүргізіледі.

Екібастұз қаласында 14 жастағы жасөспірім бір жыл ішінде үш рет үйінен кеткен. Барлық жағдайда кәмелетке толмаған бала Нұр-Сұлтан қаласында табылды. Қазіргі уақытта кету фактілері бойынша материалдар жиналып, жасөспірімді мінез-құлықты түзету үшін арнайы білім беру ұйымына жіберу туралы мәселені шешу үшін сотқа жіберілді.

 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру