Түркістан облысының полицейлері жоғалған үш бірдей баланы тауып, ата-анасына тапсырды
Түркістан облысының полицейлері жоғалған үш бірдей баланы тауып, ата-анасына тапсырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Арыс аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, үш бірдей баласын таппай қалғанын, енді бар үміті полицейлерде екенін айтып, жәрдем сұрады. Әйел, оның аулада жүрген мүмкіндігі шектеулі 20 жастағы ұлы мен кәмелет жасына толмаған кішкентай ұлы мен қызы ұшты-күйлі жоғалып кеткенін айтты. Бастапқыда өзі әрекеттеніп, іздеген. Алайда балаларын таба алмаған.
Екі кештің арасында Арыс қаласындағы жанұялардың бірінің үш бірдей баласы жоғалғанын білген тәртіп сақшылары, бірден әрекетке көшті. Жоғалғандар кәмелетке толмағандар мен денсаулығы жоқ жігіт болғанына байланысты жеке құрам толық жиналып, топ-топқа бөлініп, іздестірді. Куәгерлерден сұрастырды, көше-көшені, әрбір үйді ретімен мұқият қарап шықты. Бірнеше сағатқа созылған полицейлердің іздестіруі оң нәтиже берді. Іздеуге шыққан полицейлердің бірі Ерлан Ишанов, балаларды алты көше арыдағы басқа көшеден аман-есен тапты. Тәртіп сақшылары балалардың ас-суын беріп, жағдайы жақсы екеніне көз жеткізіп, балақайларды үйлеріне дін аман қайтарды.Белгілі болғандай, аулада ойнап жүрген балалар кішкентай інілерін таппай қалады. Содан оны ата-аналарына ескертпестен, өздері іздеп кетеді. Інілерін іздеп жүріп, үйлерінен алыстаған олар, төрт жасар інілерін тапқанмен, өздері қайта үйлерін таппай, адасып қалған көрінеді.
Өз кезегінде ақ жаулықты ана тәртіп сақшыларына шынайы ризашылығын жеткізді.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға кішкентай ұл-қыздарыңызға абай болып, оларды қараусыз қалдырмауға кеңес береді.