Түркістан облысының полицейлері есірткі сатпақ болған күдіктіні ұстады
Түркістан облысының полицейлері есірткі сатпақ болған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазығұрт АПБ-нің кезекші бөліміне ауыл тұрғындарының бірі есірткі заттарын өткізумен айналысатыны туралы хабарлама келіп түсті. Аталған жайт СДТБТ-де ҚР ҚК 297-бабы (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу) бойынша тіркелді.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Қазығұрт АПБ-ның полиция қызметкерлері есірткі сату қылмысына күдікті ретінде жергілікті тұрғынды қолға түсірді. Жедел уәкілдер ұсталған адамның тұрғылықты мекенжайын тінту кезінде үйінің ауласындағы гаражынан сіріңкенің қорабына салынған өсімдік тектес есірткіге ұқсас затты тауып алып, тәркіледі. Сараптамаға сәйкес, тәркіленген зат жалпы салмағы тоғыз грамнан асатын марихуана болып шықты. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің бас шарасы қолхатта.
Түркістан облысының полицейлері есірткінің заңсыз айналымы мен таралуына байланысты қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары салауатты өмір салтын ұстану үшін жаман әдеттерден арылып, есірткі заттарын пайдаланудан бас тарту қажеттігін түсіндіреді.
Егер де, сіз, осындай қылмыстардың куәгері болсаңыз немесе есірткі құралдарын заңсыз сақтау және өткізу деректері туралы қандай да бір ақпаратты білсеңіз, тез арада полицияға хабарласыңыз.