Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көліктерге ұрлыққа түскен түркістандық жігіттер анықталды

Түркістан облысының полицейлері көлікке ұрлыққа түскен жігіттерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

«Ұрлық түбі – қорлық» дегендей, мұндай қылмысқа барудың соңы қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Кейбір жандар оны білсе де, теріс әрекетке баруын тыяр емес. Бөтеннің мал-мүлкін жымқырып, ұрлық-қарлық жасаушылар төрт-түліктен бөлек, пәтерге, автокөлікке заңсыз еніп, қолына ілінгендерін жымқырып кетуде.

Мәселен, Түркістан қалалық Полиция басқармасына Кентау қаласы Оранғай ауылының тұрғыны арызданды. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, оның Түркістан қаласындағы асханаларының бірінің алдында тұрған ВАЗ 2101 автокөлігіне бейтаныс адам ұрлыққа түскен. Содан көлік иесінің 22 мың теңгесін қолды қылған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алынды.

Тәжірибелі түркістандық тәртіп сақшыларынан құрылған жедел-тергеу тобы бірден іздестіру шараларын жүргізді. Жақын аймақтарды тез арада аралап, куәгерлерден жауаптар алды. Келіп түскен ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басын анықтап, оны Түркістан ҚПБ-ның тергеу бөліміне жеткізді. Күдікті жергілікті тұрғын болып шықты. Бас шарасы қолхатта. Полицейлер оқиғаның толық мән-жайын анықтап, тергеу амалдарын жүргізуде.

Сонымен қатар осындай ұрлық қылмысын төлебилік полицейлерден ашып, күдіктіні ұстады. Нақтырақ айтсақ, Төлеби аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, белгісіз біреу тұрғын-үйінің ауласына заңсыз кіріп, есігі ашық тұрған Газель көлігінің ішінен магнитофонын ұрлап кеткенін хабарлады. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі сегіз мың теңгені құрады.

Бұл жолы да оңай жолмен ақша таппақ болған ұры алысқа бармай, полицейлердің қырағылығы арқасында тез арада ұсталды. Ол жәбірленушінің көршісі, жігіт болып шықты. Күдіктінің бас шарасы міндеттемеде. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабымен сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.

Өз кезегінде Түркістан облысы полицейлері өз мүліктеріңізге барынша сақ болыңыздар деп ескертеді. Мүмкіндігінше аулаларыңызға бейнебақылау камераларын орнатыңыздар. Ал, көліктеріңізге дабылқаққыш орнату міндет. Қауіпсіздік шараларын іске асыратын болсаңыз, ұрылардың жолы жабылмақ деп кеңес береді. Егер, сіз, ұрлықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға хабар беріңіз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру