Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да ауыл тұрғыны көлік басқару құқығынан өмір бойына айырылуы мүмкін

Солтүстік Қазақстан облысында ауыл тұрғыны көлік басқару құқығынан өмір бойына айырылуы мүмкін, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Тимирязев ауданының ПБ қызметкерлері «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясындағы жұмыс кезінде аудан орталығы көшелерінде нөмірлік белгілерсіз келе жатқан Нива көлігін байқап қалып, тексеру үшін тоқтатады. Рөлде отырған 29 жастағы жүргізушіден алкогольдің өткір иісі шығып тұрған. Медициналық куәландыру алкогольдік масаңдықты көрсетті. Сонымен қатар ер адамның 2019 жылы тамызда үш жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Нөмірлік белгілерсіз көлікті басқарғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабы 2-б. бойынша материал жиналды. Баптың санкциясы 10 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұлды көздейді. Машина арнайы тұраққа қойылды.

– Күдікті осы күнге дейін учаскелік полиция инспекторының назарында болды – зайыбы отбасылық дау-жанжал үшін полицияға бірнеше рет жүгінген, алайда кейін өтініштерін қайтарып алып отырған, – деп хабарлайды Тимирязев ауданының ПБ бастығы Талғат Кенжетаев. – Сонымен қатар, мамыр айының соңында учаскелік полиция инспекторы «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ер адамның үйінен заңсыз сақталған атыс қаруын анықтады. Сол кезде оның үйінен тіркелмеген 12 колибрлі тегісұңғылы Mossberg мылтығы алынды. Мылтық сараптамаға жіберілді, оның нәтижесі бойынша әкімшілік материал сотқа тапсырылады. Ер адамның Заңға немқұрайлы қарауы қылмыстық жауапкершілікке тартылуына әкеп соқты. ҚР ҚК 346-бабының санкциясы ірі көлемдегі айыппұлдан, басқару құқығынан өмір бойына айырумен, бес жыл бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаны қарастырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру