Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері көшеде қару алып жүрген жігіттерді ұстады

Түркістан облысының полицейлері көшеде қару алып жүрген жігіттерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Келес аудандық полиция бөлімінің КПБ жедел уәкілі Рамазан Шалқар «Қару» іс-шарасы бойынша кезекті рейд барысында күмән тудырған тұрғынды байқайды. Яғни автобекеттердің бірінде қолында қаруға ұқсас заты бар ер адам көреді. Бірден әрекет еткен полицей, тексеру кезінде тұрғыннан МР-371 тапанша қаруын анықтап, айғақты зат ретінде тәркілеп алды. Содан шұғыл оқиға орнына жедел-тергеу тобын шақырады.

Аталған деректі Келес АПБ-нің қызметкерлері СДТБТ-ға ҚР ҚК-нің 287-бабымен (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) тіркеді. Белгілі болғандай күдікті жергілікті тұрғын болып шықты. Мал бағумен айналысатын ол, өз жауабында қаруды қырдан тауып алғанын жеткізді. Қазіргі таңда сараптама тағайындалды. Ер адамның бас шарасы «қолхатта».

Осыған ұқсас тағы бір жайт Абай ауылы көшелерінің бірінде орын алды. Профилактикалық жұмыс жасап, қызметте жүрген жедел уәкіл Мұрат Жанадилов, көше бойында күдік тудырған ер адамды тоқтатады. Тексеру кезінде оның қол сөмкесінен газды тапанша табылып, тәркіленіп алынады. Бұл жайт ҚР ҚК-нің 287-бабының 2-бөлігімен тіркеуге алынып, тергеп-тексеру амалдары басталды.

Полицейлер оның қаруды не үшін сақтағаны мен басқа да қылмыстарға қатысы бар жоқтығын анықтауда. Ұсталған ер азаматтың бас шарасы «келу туралы міндеттемеде».Түркістан облысының полицейлері заңсыз әрекеттерге бармауға және көлікпен заңсыз қару алып жүруге болмайтынын ескертеді. Атыс қаруын қолданумен қылмыс жасағаны, сондай-ақ атыс қаруы мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтағаны және өткізгені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру