Шымкентте жеке басын анықтайтын құжаттары жоқ 334 адам анықталды
Шымкентте жеке басын анықтайтын құжаттары болмағаны үшін 334 шетелдік қабылдап-тарату орталығына орналастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР ІІМ нұсқауына сәйкес 2021 жылдың 7-16-маусым аралығында заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу және елімізде шетелдіктердің болу қағидаларын бұзуды болдырмау мақсатында «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Шымкент ҚПД Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлерімен «Мигрант» іс-шарасы барысында барлығы 501 шетел азаматы анықталып, оларға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабымен әкімшілік хаттама толтырылды. Ал жеке басын анықтайтын құжаттары болмағаны үшін 334 шетелдік қабылдап-тарату орталығына орналастырылды.
Қазақстан Республикасы аумағынан 53 шетелдік шығарылды. Қайыршылық жасап жүрген төрт шетелдікке Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 449-бабы 3-бөлігімен шара қабылданды.
Шетелдіктерін заңсыз тұрғын үймен қамтамасыз еткені үшін 184 адам, ал шетел жұмыс күшін заңсыз пайдаланған 33 адам анықталып, оларға қатысты Кодекстің 518 және 519-баптары бойынша хаттама толтырылды.
Сондай-ақ заңсыз көші-қонды ұйымдастыру ҚР ҚК-нің 394-бабымен төрт қылмыстық теріс қылық анықталып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Іс-шара барысында бұрын іздеуде жүрген екі қылмыскер ұсталды.
Карантиндік шектеулерге байланысты ел аумағына шыға алмай жүрген Молдовия елінің жеті азаматына Халықаралық миграция ұйымдарымен бірлесіп, өз еліне қайтуына ықпал көрсетілді.