Қарағанды облысында ЖШС-дан темір ұрлаған ер адам ұсталды
Қарағанды облысында ЖШС-нің темірін ұрлап жүрген ер адам ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
27 маусымда Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының полиция бөліміне белгісіз біреу жүк көлігімен елді мекендердің бірінің шетінде орналасқан жауапкершілігі шектеулі серіктестік аумағына өтіп, металл ұрламақ болғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орынына жеткен жедел-тергеу тобы іздестіру жұмыстарына шұғыл кірісті.
Тәртіп сақшылары анықтағандай, бірнеше күн бұрын біреу жүк көлігін пайдаланып, осы ЖШС-нің темір бұйымдарын ұрлап кеткені белгілі болды. Шығын бір миллион 180 мың теңгені құрайды. Екі қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 24-188-бабы (Ұрлық әрекеті) және ҚР ҚК 188-бабы (Ұрлық) бойынша қозғалды.
5 шілдеде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында полиция қызметкерлері ЖШС-де ұрлық жасаған күдіктіні анықтап, ұстады. Ол 25 жастағы Қарағанды қаласының тұрғыны болып шықты. Ол кінәсін мойындап, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.