63 есірткі заты мен 43 телефон: түрмеге өтпек болған қызылордалық жүк тасымалдаушы ұсталды
Түрмеге тыйым салынған заттарды өткізбек болған қызылордалық жүк тасымалдаушы ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
9 шілдеде Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЗК-169/5 мекемесінің қызметкерлерімен мекемеге өтпек болған КамАЗ жүк көлігіндегі цемент салынған қаптарды тексеру барысында сотталғандардың пайдалануы мен қолданылуына тыйым салынған заттар анықталды. Жедел түрде “102” нөміріне хабарланып, мекемеге Қызылорда қалалық Полиция басқармасының жедел-тергеу тобы шақыртылды.
Жүк көлігіндегі 196 қап цементтің жеті қабынан 10 және 20 грамдық шприцке нығыздалып салынған 63 дана «өзіне тән ерекше исі бар шөп тектес» затты, 43 дана ұялы телефон, 14 дана құлаққап, 33 дана зарядтау құрылғысы, 13 дана SIM-карта, 12 дана насыбай, 10 дана ойын картасы және үш литр спирттік ішімдік тәркіленіп алынды.
Тәркіленген заттар бойынша сот сараптама жұмыстары тағайындалды. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 297-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.