Көршісінің ұялы телефонын тартып алған сайрамдық әйел анықталды
Түркістан облысының полицейлері өзінше билік етіп, көршісінің ұялы телефонын тартып алған күдікті әйелді анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданған. Онда жәбірленуші әйел көршісінің өзінше билік етіп, Huawei ұялы телефонын тартып алғанын көрсеткен. Осылайша 80 мың теңге шығын келтірген. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК 389-бабы (Өзінше билік ету) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.
Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бірден оқиға орнына жетті. Полицейлердің анықтауынша, жәбірленуші базарлардың бірінде киім сататын көршісінен балаларына қарызға киім алған. Содан соң жарты ақшасын беріп, қалғанын кейін беретінін айтқан. Арада біршама уақыт өткен соң әлгі көршісін Сайрам ауданының көшелерінің бірінде жолықтырып қалады. Азаматша қарызын сұраған, алайда ақшаны қайтара алмаған соң жәбірленуші әйелдің қолындағы ұялы телефонын тартып алып, қарызыңды өтеген соң телефонынды аласың деп кетіп қалған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Сайрам АПБ-ның полицейлері өзінше билік еткен құқық бұзушының жеке басын және тұрғылықты мекен-жайын анықтап, оны полиция бөліміне жеткізді. Жәбірленушіден заңсыз алынған мүлік иесіне қайтарылды. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Күдіктінің бас шарасы қолхатта.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға жанжалдарды болдырмау үшін арадағы мәселелерді заңды түрде шешуді ұсынады.