Қарағандыда әр пәтерге интернет-алаяқтар туралы жадынама таратылады
Қарағандыда әр пәтерге интернет-алаяқтар туралы жадынама таратылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Интернеттегі алаяқтық – қылмыстың ең көп таралған түрі және ол қазіргі уақытта қатты өсіп келеді. Қылмыстық істерді талдау қорытындысы көрсеткендей, алаяқтар адамдарды адастыру үшін түрлі әдістер мен тәсілдерді қолданады. Мысалы, олар өздерін банктің қауіпсіздік қызметкерлеріміз деп таныстырады және карточкалық шоттар бойынша күдікті операциялар туралы хабарлап, резервтік сақтандыру шотына ақша аударуды ұсынады. Сондай-ақ алаяқтар түрлі жобаларға, ойындарға, спортқа қаражат салуды ұсынады. Олар тіпті жалған қайырымдылық шараларын сылтауратып, ақша алып алуды меңгерген. Бір сөзбен айтқанда, қылмыскерлер кез-келген қулық-сұмдықты қолдана отырып, қарапайым азаматтардың қаражаттарын алдап алуға төселіп алған.
– Жағдайды тұрақтандыру және интернеттегі алаяқтықты азайту үшін облыстың ПД үнемі алдын-алу шараларын жүргізеді. Бұқаралық ақпарат құралдарында, соның ішінде интернет-ресурстарда мақалалар, сұхбаттар, тиісті мазмұндағы жазбаларды жариялау, аймақ қалаларының жарықдиодты экрандарында ескерту роликтерін тарату жұмыстары жүргізіліп келеді. Басты мақсат – азаматтарды алаяқтардың айла-тәсілдері мен оларға қарсы әрекет ету туралы ескерту. Осы жұмыс аясында облыстың ПД қазіргі уақытта 200 мың жадынамаға тапсырыс берді. Жадынамада интернет-алаяқтар қолданатын негізгі әдіс-тәсілдер сипатталады. Жадынамалар «ҚарағандыЖылуСбыт» ЖШС жұмысшылары қарағандылықтардың пәтеріне жеткізетін, коммуналдық қызметтерге ақы төлейтіні туралы түбіртектерге салынады, – деді облыстың ПД басшысының орынбасары Әбіл Әбілдин.
Полицияның бастамасымен қолға алынған ескерту жадынамасы, Қарағандыдағы кез-келген пәтерге жетеді. Онда банктердің қысқа телефон нөмірлері бар. Осы нөмірлер арқылы банкке телефон шалып, мән-жайды анықтауға мүмкіндік бар.
– Азаматтар қырағылық танытып, алаяқтардың арбауына түспеуі керек. Өзіңізге және жақындарыңызға қамқорлық жасаңыз, – деді Ә. Әбілдин.