Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мемлекеттен қайтарымсыз ақша: түркістандық тұрғын алаяқтың арбауына түсті

Түркістан облысының полицейлері мемлекеттен қайтарымсыз ақша шығарып беремін деп, алаяқтық жасаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан ҚПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, алаяқтың құрбаны болғанын айтып шағымданған. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оған танысы 2020 жылдың шілде айында кәсіпкерлікке қолдау көрсету мақсатында мемлекеттен қайтарымсыз бір миллион теңге ақша шығарып беремін деп, сеніміне кірген. Содан жәбірленуші осы үшін алаяққа 200 мың теңге жинап берген. Ал, танысы болса ақша алғаннан кейін әр нәрсені бір сылтауратып, уәдесін орындамай не ақшасын қайтармай әбігерге салған. Аталған, жайт Түркістан ҚПБ-ға ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді.

Осы жайтқа байланысты алаяқтық қылмысын ашу мақсатында полиция басқармасында тәжірибелі қызметкерлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке-басын анықтап, оны ҚПБ-ға жеткізді. Ол жұмыссыз, бұрын алаяқтық бойынша сотты болған жергілікті тұрғын болып шықты.

Тергеу барысында полиция қызметкерлері ұсталған жас әйелдің тұрғыннан алдау жолымен алған ақшаны өзінің қажеттілігіне жаратып жібергені анықталды. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің бас шарасы қолхатта. Тәртіп сақшылары алаяқ әйелдің бұдан басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.

Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қаржы мәселелерін шешуге күмәнді көмек ұсынатын бейтаныс адамдарға мұқият болу және артық сенімсіздік көрсетпеу қажеттігін ескертеді. Егер осындай қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, онда сіз «102» телефоны бойынша полицияға тез арада хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру