СҚО полицейлері екі күннің ішінде 3 велосипед ұрлығын ашты
Жұма күні Шал ақын ауданында Орталық аудандық ауруханада жұмыс істейтін аула сыпырушының «Урал» велосипеді ұрланған. Ер адам ұрланған велосипедін өз күшімен іздеп таба алмай, полицияға жүгінген.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті – бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған 36 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Ұрланған зат үйінен алынды.
Сол күні Петропавл тұрғыны «Makinar» спорт велосипедінің жоғалғаны туралы арызданған. Қылмысты «ізін суытпай» ашуға подъездегі бейнекамералар көмектескен. Бейне жазбаларды зерделеп, тәртіп сақшылары бұрын істі болған 32 жастағы қала тұрғынын ұстады. Сөзіне қарағанда, ол туыстарының үйінде қонақта болған, кетіп бара жатып үй кіреберісінде тұрған велосипедті ала кеткен, кейін 15 мың теңгеге сатып жіберген. Екі дөңгелекті көлік алынып, тергеу амалдары аяқталғаннан кейін иесіне қайтарылатын болады.
Жексенбі күні кешке Петропавл полициясына белгісіз қылмыскер Жамбыл көшесіндегі үй подъезінен құны 120 мың теңге «Biwec» велосипедін ұрлап кеткені туралы арыз келіп түскен. Ұрлық жасады деген күдікпен қаланың 16 жастағы тұрғыны анықталды. Велосипед үйінен алынды. Бозбала ювеналдық полицейлерге жақсы таныс, қазіргі уақытта оны мамандандырылған білім ұйымына жіберу мақсатында материал жинастырылып, сотқа жолданды.
– Велосипед ұрлығы – жаз кезінде жиі жасалатын қылмыс түрі. Адамдар аталған көлік түрін жиі пайдаланады, алайда оған қатысты сақтық шараларын тиісті қолданбайды. Облыс тұрғындарын велосипедтерін қараусыз қалдырмауға, айдап әкетуге қарсы сенімді құрылғыларды пайдалануға шақырамыз. Оларды үйде сақтаған жөн. Егер де көшеде қалдыратын болсаңыз, бейне камералар орнатылған аумақта қалдыру қажет, – деді СҚО Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Марат Жұмалиев.