Кезекті той Қазығұртта тоқтатылды
Түркістан облысында тәулік ішінде карантин режимін сақтамай той жасаған тойхана иелері анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі таңда коронавирус індетінің жайлап бара жатқаны барлығымызға белгілі. Осы тұста Қазығұрт АПБ-нің қызметкерлері тұрғындардың саулығы үшін карантин режимінің сақталуын қатаң түрде бақылауда. Тәртіп сақшыларының күнделікті жүргізген іс-шараларының нәтижесінде Қазығұрт ауданында карантин талаптарын сақтамай, қағидалардың бұзылуына жол берген бірнеше тойхана иелері анықталды.
Мысалы, Қазығұрт ауданындағы елді-мекеннің бірінде орналасқан тойханада 150-ден астам тұрғын жиналып, үйлену той өткізіп жатқандығы анықталды. Сонымен қатар тағы бір тойханада 50-ден астам адам жиналып, беташар тойын өткізген. Аталған той иелеріне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) бойынша іс-құжаттар жинақталып, СЭББ-ға жолданды.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері барлық азаматтарға карантин кезінде сақтық шараларды ұстанып, адамдар көп шоғырланған жерлерге бармауды, басқосулар мен той-жиындарды жасамауды ескертеді. Карантин ескерілмей, құқық бұзушылыққа жол берілген жағдайда, заң аясында жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан немқұрайдылық танытпай, өз саулықтарыңыз үшін карантин талаптарын ұстанғандарыңыз жөн.