Павлодарлық жүргізуші жаяу жүргіншілерге жол бермегені үшін айыппұл төлейді
Павлодарлық жүргізуші жаяу жүргіншілерге жол бермегені үшін айыппұл төлейді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласының Всеволод Иванов көшесінде жүргізуші жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан адамдарға жол бермеген. Бұл бейнежазба Instagram-дағы dp_pavlodar парақшасына жіберілген. Патрульдік полиция батальонының инспекторы CHEVROLET CRUZE маркалы автокөлігін басқарған 28 жастағы жүргізушіні анықтады.
– Жүргізушіге қатысты жол қозғалысы ережелерінің талаптарын орындамағаны үшін, жаяу жүргіншілерге немесе жол жүрісінің өзге де қатысушыларына жол бермегені үшін ҚР ӘҚБтК 600-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Оған10 АЕК көлемінде айыппұл салынды, – деді патрульдік полиция батальоны командирінің міндетін атқарушы Алтынбек Медияров.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың басынан бастап павлодарлық полицейлер жаяу жүргіншілерге жол бермеген 1 432 жүргізушіні жазаға тартты.