Павлодар облысында көші-қон заңнамасын бұзған 3 мыңнан астам адам жауапқа тартылды
Павлодар облысында көші-қон заңнамасын бұзған үш мыңнан астам адам жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар полицейлері тұрақты негізде Павлодар облысының аумағында заңсыз келген және тұратын шетел азаматтарын анықтауға, заңсыз көші-қон арналарының жолын кесуге және Қазақстан Республикасының аумағына кіру және одан шығу ережелерін сақтауға бағытталған алдын алу іс-шараларын жүргізеді.
– Көші-қон заңнамасын бұзған шетел азаматтары әкімшілік және тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Сонымен қатар елге кіруге тыйым салынуы мүмкін. Ағымдағы жылдың жеті айында Павлодар облысына 5 435 шетелдік келді, олардың 594-і көші-қон заңнамасын бұзды, оның ішінде 44 шетелдік елден шығарылды. Жұмыс берушілер арасында заң бұзушылар да бар – 37 адам заң нормаларын сақтамаған, – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Арман Уәлиев.
Айта кетейік, жыл басынан бері 3 587 адам көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұл сомасы 58 миллион теңгеден асты.
Сонымен қатар шетелдік азаматтар жасаған 24 қылмыс тіркелді, көп жағдайда бұл – ұрлық.