Кентаулықтың моншасынан есірткі табылды
Кентаулықтың моншасынан есірткі табылып, тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кентау ҚПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғынның бірі хабарласып, сырттай танысы өзінің үйінде есірткі затын сақтап жүргендігін айтып көрсеткен. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 296-бабы (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша СДТТБТ-ға тіркеп, бірден аталған хабарлама бойынша іске кірісті.
Тәртіп сақшыларының тексеру жұмыстары барысында күдікке ілінген тұрғынның үйін тінтіп, ауласындағы монша ішінен екі сіріңке қорабына салынған есірткіге ұқсас хош иісті затты тапты. Сондай-ақ бақшасынан егіліп өсірілген бір түп есірткі затын анықтады.
Аталған заттарға медициналық сараптама тағайындалып, зерттеудің қорытындысына сәйкес, сіріңке қорабындағы есірткі заты 3 граммға жуық «кептірілген марихуана» және 2 граммға жуық «қарасора» өсімдігі екендігі белгілі болды.
Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті азаматтың басшарасы қолхатта.