Қызылорда облысында Білім күніне орай 600-ге жуық полицей жұмылдырылды
1 қыркүйек күні Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Бауыржан Ибраевтың қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Білім басқармасының мәліметіне сәйкес, 2021-2022 жаңа оқу жылында облыста орналасқан 294 мектепте 173 735 оқушы білім алады деп күтілуде.
Осыған орай, арнайы іс-шаралар жоспары әзірленіп, барлық жалпы білім беретін оқу орындарында, сондай-ақ оған іргелес аймақтарда оқушылар арасында келеңсіз жағдайларды, жол көлік оқиғалардың алдын алу және іс-шара барысында қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында облыс бойынша қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге барлығы 574 қызметкер және 59 қызметтік автокөлік жұмылдырылуда.
Іс-шараға бөлінген қызметкерлерден бөлек жалпы қала орталығындағы қоғамдық орындар мен көшелерде, парктер мен скверлерде, орталық алаңдарда тәртіпті сақтауға тәулік бойына қосымша қызметкерлер қызмет атқаратын болады.
Облыстағы 294 мектептің 158-де орнатылған 1030 бейнебақылау камералары ішкі істер органдарына қосылған.
Атап айтқанда, Қызылорда қаласында 14 мектептің 420 камерасы Жедел басқару орталығына қосылса, ал аудандарда орналасқан 144 мектептің 610 камерасы кезекші бөлімдерде арнайы компьютермен жабдықталған жүйеге қосылған. Қалған 136 орта мектептерді полиция органдарына қосу мәселесі қаралуда.
Қазақстан Республикасы ІІМ-нің нұсқауына сәйкес, балалардың қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 23 тамыз бен 9 қыркүйек аралығында «Абайлаңыз – балалар!» профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шара 2 кезеңмен өткізіледі, бірінші дайындық кезеңінде полиция қызметкерлерімен мектептер аумағындағы көше-жол тораптары, жол белгілері мен өткелдеріне тексеру жұмыстары жүргізілді.
Екінші кезеңде жүргізушілерге «Сіздің жолаушыңыз – бала!», «Бірінші сыныпқа барғандарды жаяу жүргіншілер қатарына қосу», «Біз жолдардағы қауіпсіздікті қолдаймыз», «Көрінсе – тірі болады» атты үгіт насихат акциялары жүргізілуде.
Сондай-ақ осы іс-шара барысында білім беру ұйымдарында оқушыларға жолда жүру ережесі бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілетін болады.
Жыл басынан кәмелетке толмағандар мен жастар арасында әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған «Жасөспірім-Көше», «Заң-Бала-Қауіпсіздік», «Тұрмыс», «Балалар түнгі қалада» атты жедел-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды. Қызылорда облысында ағымдағы жылдың жеті айында кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар өткен жылмен салыстырғанда – 29 пайызға (45-тен 32-ге) төмендеді. Оның ішінде қылмыс жасаған кәмелетке толмағандар саны -13 пайызға (30-дан 26-ға), білім беру ұйымдарының оқушыларымен және студенттерімен жасалған қылмыстар – 12 пайызға(25-тен 22-ге) азайды.